Артқа қайту

1. Кімдер ресми жұмыс жұмыс істейтіндер болып есептеледі?

Жауап

Еңбек шарты аясында жұмыс істеп, ол үшін жұмыс берушісі МӘМС жарналарын төлейтін адам ресми жұмыс істейтін болып саналады.

2. Мәртебені қалай алады?

Жауап

Сіз үшін 12 ай қатарынан МӘМС жарналары төленген жағдайда, сізге автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.

Егер жақында жұмысқа тұрсаңыз, онда жетпейтін айларға жарналарды өзіңіз дербес төлеуші ретінде (жалақының ең төменгі мөлшерінің 5%-ы – 2025 жылы әр айға 4250 теңге) төлеуге болады.

3. Қызметкер МӘМС үшін қанша жарна төлейді?

Жауап

Жалдамалы жұмыскер өзі үшін жарна төлеудің қажеті жоқ, себебі жұмыс беруші оның еңбекақысынан 2% мөлшерінде ұстап қалып, бұл соманы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударады.

4. Жақында жұмысқа тұрдым. Қашаннан бастап МӘМС есебінен емделе аламын?

Жауап

Сақтандырылған мәртебесі жарналар 12 өткен немесе алдағы 12 айларға үздіксіз төленген кезде  беріледі. Егер сіз бұған дейін ресми жұмыс істемесеңіз, жұмыссыздық бойынша жеңілдік санатында болмасаңыз және дербес төлеуші ретінде жарналар төлемесеңіз, мәртебені тек жұмысқа орналасқаннан бастап бір жыл өткен кезде, яғни төлемдер үздіксіз түскен жағдайда ала аласыз.

Егер осы мерзім ішінде МӘМС аясында медициналық көмек  қажет болса өткен 12 ай үшін жарналарды өздігінен төлей аласыз.

5. Жұмыс берушілер мен салық агенттері қалай төлейді?

Жауап

Жұмыс берушілер МӘМС-ке екі түрлі төлем жасайды:

- Аударымдар: қызметкердің жалақысынан ұсталынбайды, жалақының 3% көлемінде жұмыс беруші қаражаты есебінен төленеді. Бұл төлемнің шекті мөлшері бар: 2025 жылы – 25 500 теңгеден аспайды (10 есе ең төменгі жалақының 3%-ы*).
Төлем тағайындау коды (ТТК) – 121.

Жарналар: ай сайын қызметкердің жалақысының 2% мөлшерінде есептеледі және бұл сома  қызметкердің жалақысынан ұсталынады. Мұнда максималды төлем мөлшері – 17 000 теңгеден аспайды (10 есе ең төменгі жалақының 2%-ы).
Төлем тағайындау коды (ТТК) – 122.

Салық агенттері** ақы төленетін жұмыстар мен қызметтер көрсету үшін жалданған жұмысшыларға арналған МӘМС жарналарын да қызметкерлерге төленетіндей тәртіппен аударады.

*ЕТЖ – ең төменгі жалақы. 2025 жылы оның мөлшері 85 000 теңге.
**Салық агенті – Салық кодексіне сәйкес, төлем көзінен ұсталып алынатын салықтарды есептеу, ұстап қалу және аудару міндеті жүктелген тұлға.

6. ЖШС-ң табысы жоқ. Бірнеше айдан бері МӘМС жарналарын төлемеді. Осы кезеңдер үшін дербес төлеуші ретінде төлем жасай аламын ба?

Жауап

Егер сіз ЖШС-нің құрылтайшысы болсаңыз, онда өзіңіз үшін дербес төлеуші ретінде ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде (2025 жылы ай сайын 4250 теңге) жарна төлейсіз.
Ал егер сіз осы ЖШС-де қызметкер (мысалы, директор) ретінде тіркелген болсаңыз, онда жарнаны қызметкер ретінде төлеу қажет: 2%  жарналар және 3% аударымдар.

7. Егер 2 және одан да көп жерде жұмыс істесем, МӘМС үшін қалай төлейді?

Жауап

Егер сіз бірнеше жерде жұмыс істесеңіз, МӘМС жарналары әр жұмыс орнындағы жалақыңыздан ұсталады.

Бірақ шектеу бар:
2025 жылы жарналар есептелетін жалпы табыс мөлшері айына 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспауы тиіс (10 ЕТЖ = 850 000 теңге). Егер сіздің бірнеше жерден алатын жиынтық табысыңыз осы сомадан асса, жарналар тек осы шекті табыс мөлшерінен есептеледі.

Яғни, МӘМС-ке ай сайын төленетін жарнаның ең жоғары мөлшері:
10 ЕТЖ-нің 2%-ы = 17 000 теңге.

Артық жарна төлемеу үшін:
Жарна сомасын дұрыс есептеу мақсатында алғашқы жұмыс орныңыздан ұсталған жарналар туралы анықтаманы басқа жұмыс берушілерге ұсынуыңыз қажет. Осы жағдайда қалған табыстан жарна қолданыстағы шектеу шегінде ғана ұсталады немесе ең жоғары табыс мөлшерімен жарна төлеген болсаңыз, мүлде ұсталмауы мүмкін.

8. Ресми жұмыс істейтін азаматтың жеке кәсібі болса, жарналарды қалай төлейді?

Жауап

Егер сіз бір уақытта жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істеп, сонымен қатар жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген болсаңыз:

1) Жалдамалы қызметкер ретінде сіз үшін жарналарды жұмыс беруші аударады, яғни сіздің жалақыңыздан 2% мөлшерінде ұстайды;

2) Жеке кәсіпкер ретінде сіз МӘМС жарнасын өзіңіз төлеуге міндеттісіз - бұл ай сайынғы белгіленген мөлшерлеме, яғни ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 еселенген көлемінің 5%-ы. Бұл сома табыс көлеміне қарамай төленеді.

2025 жылға мысал (егер ЕТЖ = 85 000 ₸ болса):
1,4 × 85 000 = 119 000 ₸
119 000 теңгенің 5% = 5 950 ₸ — бұл ай сайынғы ЖК жарнасы.

Маңызды:
Егер сіз ЖК ретінде қызметіңізді тоқтатпасаңыз, ресми түрде басқа жерде жұмыс істеп, жалақыңыздан жарналар ұсталып тұрса да, жарна төлеуге міндетті.

9. Несие рәсімдеу барысында жұмыс берушім менің жалақымнан жарналарды ұстап отырғанымен, оларды аудармайтынын анықтадым. Бұл жағдай маған қалай әсер етеді және не істеу қажет?

Жауап

Егер жұмыс беруші сіз үшін МӘМС жарналарын төлемесе (сіз ресми түрде жұмыс істесеңіз және бұл сома жалақыңыздан ұсталып отырса да), онда МӘМС жүйесінде берешегіңіз пайда болады және сіз сақтандырылған  мәртебесінен айырыласыз. Бұл жағдайда сіз медициналық сақтандыру пакеті аясындағы қызметтерді ала алмайсыз.

Мұндай жағдайда өз ұйымыңыздың бухгалтериясына жүгініп, төлемдердің не себепті түспегенін анықтау қажет. Жарналар қате аударылған немесе басқа техникалық қате кеткен болуы мүмкін.
Егер мәселе жұмыс берушінің жауапсыз әрекетіне байланысты болса, сіз мемлекеттік кірістер органдарына немесе еңбек инспекциясына шағымдануға құқылысыз.

10. Егер жұмыс беруші менің жалақымнан ұстап, бірақ жарналар аудармаса немесе кешіктіріп төлесе, не істеу керек?

Жауап

Егер жұмыс беруші МӘМС жарналарын төлемесе/ уақытында немесе толық көлемде аудармаса, міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған болып саналады.
                                                                                                                                                                         Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (92-1-бап) көрсетілгендей, алғаш рет мұндай құқық бұзушылық орын алса, ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда - айыппұл салынады, оның мөлшері төленбеген, уақытында төленбеген немесе толық төленбеген аударымдар мен жарналар сомасының 30–50% (субъект түріне байланысты) құрайды.


Мұндай жағдайларда сіз келесі әрекеттерді жасай аласыз:


- өзіңіздің сақтандыру мәртебеңізді және төлемдердің бар-жоғын msqory.kz сайтынан, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасынан немесе @Saqtandyry-bot Telegram-ботынан тексеру;


- жұмыс берушіңіздің бухгалтериясына немесе кадр қызметіне жүгініп, төлемдердің не себепті жасалмағанын анықтау;


егер мәселе шешілмесе, Мемлекеттік кірістер комитетіне немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына  жүгіну.

11. Мен ресми түрде жұмыс істеймін. Бірақ жұмыс берушім төлемдер қайта айналып келетіндіктен, мен үшін төлем жасай алмай тұр. Бұл неліктен болуы мүмкін?

Жауап

Қызметкер үшін төленген қаражат жұмыс берушіге келесі жағдайларда қайтарылуы мүмкін:

1) қаражат аударылған сәтте қызметкердің құжаттары ауысқан болса;

2) қаражат аударған кезде қызметкердің деректері қате енгізілген болса;

3) қызметкер жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылған жеңілдік санатындағы азаматтар тізіміне кірсе:
• балалар;
• жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген тұлғалар;
• зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде ҰОС ардагерлері;
• «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
• мүгедектігі бар адамдар;
• орта, техникалық және кәсіптік, кейінгі орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын тұлғалар.
Егер сіз осы жеңілдік санаттарының біріне кіретін болсаңыз, жұмыс беруші сіз үшін жарналар мен аударымдарды төлемеуі керек.

12. Маусымдық жұмыстарда істейтін, тұрақты табысы жоқ азаматтар жарналарды қалай төлейді?

Жауап

Жұмыс беруші маусымдық қызметкерлер үшін жарналарды  ресми түрде жұмыс істеп, еңбекақы алатын айлар үшін аударады.
Қалған айларда олар  жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеуі тиіс (2025 жылы — 4250 теңге).

13. Мен студентпін, алайда жұмыс берушім мен үшін жарналар мен аударымдар төлеп отырады.

Жауап

Егер сіз күндізгі бөлімде оқитын студент болсаңыз және жеңілдік санатына енгізілсеңіз, МӘМС жарналарын төлемейсіз. Сіздің жұмыс берушіңіз де МӘМС бойынша аударымдар жасаудан босатылады.