Артқа қайту

Qalqan жүйесімен жұмыс істеу кезінде бірнеше МАЖ-ды пайдалану

Медициналық ұйым екі немесе одан да көп медициналық ақпараттық жүйені (бұдан әрі – МАЖ), оның ішінде әртүрлі құрылымдық бөлімшелердің қызметін және медициналық көмек көрсету бағыттарын автоматтандыру үшін бір мезгілде пайдалана алады.

Қазақстан Республикасының заңнамасында бір медициналық ұйым пайдаланатын МАЖ санына шектеу белгіленбеген. Бұл ретте медициналық деректердің қайталануына және бұрмалануына жол берілмеуге тиіс. Бұған дейін Қордың тиісті ұстанымы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне және Қор филиалдарына ресми түрде жеткізілген.

Мысалы, медициналық ұйымның жекелеген бөлімшелері бір МАЖ-да, ал басқа бөлімшелері басқа МАЖ-да жұмыс істей алады. Бұл ретте берілетін деректер ағындарының нақты аражігі ажыратылуы тиіс: бір медициналық қызмет немесе медициналық көмек көрсету жағдайы бірнеше МАЖ-дан бір мезгілде берілмеуге тиіс.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 61-бабының 7) тармақшасына сәйкес медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлері уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына енгізілетін электрондық деректердің сапасы, уақтылығы, дұрыстығы және құпиялылығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Осылайша, берілетін мәліметтер нақты бөлінген және деректердің қайталануына жол берілмеген жағдайда бірнеше МАЖ-ды пайдалануға жол беріледі.

«Qalqan» денсаулық сақтауды қаржыландырудың цифрлық сервисімен жұмыс істеу кезінде медициналық ұйым:

медициналық қызметтер мен емделген жағдайлардың қайталануына жол бермеуді;

пайдаланылатын МАЖ арасында деректер ағындарының нақты аражігін ажыратуды;

берілетін мәліметтердің толықтығын, уақтылығын және дұрыстығын;

медициналық деректердің бұрмалануына жол бермеуді қамтамасыз етуге тиіс.