Артқа қайту

1. Ресми тіркелген жұмыссыз деген кімдер?

Жауап

Ресми түрде тіркелген жұмыссыз — бұл жұмысы жоқ және тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында немесе Enbek.kz порталы арқылы ресми түрде жұмыссыз ретінде есепте тұрған адам. Бұл жұмыс іздеуге көмек алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және МӘМС жарналарын мемлекет есебінен төлеу құқығын береді.

2. Мен жұмыссыз ретінде тіркелгенмін, МӘМС жарналарын төлеуім керек пе?

Жауап

Жоқ, осы категорияда болған мерзім ішінде ресми түрде тіркелген жұмыссыздар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ол үшін сіз тұрғылықты жеріңіздегі еңбек орталығында есепте тұруыңыз қажет.

3. «Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар» жеңілдік санаты қалай тағайындалады?

Жауап

Жұмыссыз ретінде есепке тұрған кезде,  деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Ары қарай ол ақпарат  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жеңілдіктер тізімін қалыптастыру үшін жіберіледі. «Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар» жеңілдік мерзімі есепке тұрған күннен бастап, шығарылған күнге дейін созылады.

4. Ресми жұмыссыз болып есепте тұрған кезде МӘМС аясында қанша уақыт медициналық қызмет ала аламын?

Жауап

Сақтандырылған мәртебесі МӘМС шеңберінде медициналық көмекті шектеусіз алуға мүмкіндік береді. Бастысы медициналық көрсеткіш болуы шарт. Ал жеңілдік санатындағы жұмыссыздар тізімінен шығарылған жағдайда  сақтандырылған мәртебесі тоқтатылады.
Алайда сіз өздігіңізден төлем жасап немесе ресми түрде жұмысқа тұру арқылы МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді сақтап қала аласыз.

5. Мен ресми жұмысқа орналастым, бірақ әлі жұмыссыздық бойынша есептен шығарылмадым. Бұл жағдайда МӘМС-ке мен үшін кім төлейді?

Жауап

Егер сіз ресми жұмысқа тұрсаңыз және жұмыс берушімен еңбек шарты жасалса, сіз үшін жарнаны жұмыс беруші  төлей бастайды.