Артқа қайту

1. Мен жүктімін және ресми жұмыс істеймін. Мен үшін МӘМС жарналарын кім төлейді?

Жауап

Егер сіз ресми түрде жұмыс істесеңіз ҚР «МӘМС туралы» Заңына сәйкес жұмыс берушіңіз сіз үшін төлемдерді аударуға міндетті: ай сайынғы аударымдар – жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен қызметкердің жалақысының 3%-ы мөлшерінде (2026 жылы 102 000 теңгеден аспау керек), ай сайынғы жарналар – қызметкердің қаражаты есебінен жалақысының 2%-ы мөлшерінде ұсталады (2026 жылы 34 000 теңгеден аспау керек). Сіздің жағдайыңыз жұмыс берушінің міндеттемелеріне әсер етпейді.

2. Жүктілер жеңілдік санатына кірмей ме? Неге жұмыста менен жарна ұстайды?

Жауап

Ресми түрде жұмыс істейтін азаматтардың барлығы, соның ішінде жүкті әйелдер де МӘМС жарналарын төлеуге міндетті. Бұл «МӘМС туралы» Заңның талабы. Ал жеңілдік санатына жұмыс істемейтін жүкті әйелдер кіреді, яғни ресми табысы жоқ, соның ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы керек.

3. Мен жүктімін, жеке кәсібім бар. МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына кіремін бе?

Жауап

«Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер» жеңілдік санатына жүктілігі бойынша есепте тұрған, ресми түрде жұмыс істемейтін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген әйелдер жатады.
Яғни, егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз және өз қызметіңізді ресми түрде тоқтатпаған болсаңыз, онда сізге жеке кәсіпкер ретінде жарналарды төлеу қажет (2026 жылы — 5 950 теңге).

4. Мен жүктімін, жеке кәсібім бар. Бірақ табысым жоқ. Бұл жағдайда МӘМС жүйесінде мәртебе бере ме?

Жауап

Жеке кәсіпкер өз қызметін салық органдарында ресми түрде тоқтатпаса, жұмыс істеп тұрған болып есептеледі. Ол  «нөлдік декларация» тапсырса да, МӘМС бойынша міндетті жарналарды төлеуі керек. Сондықтан жүкті әйелдің табыс әкелмейтін жеке кәсібі болса, салық органдарына өз қызметін жабу туралы өтінішпен жүгінуі қажет.
Қызметі ресми түрде жабылған кезде ғана ол жеңілдік санатына енеді.