Артқа қайту

1. Балалар үшін жарна төлеу керек пе?

Жауап

18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына кіреді. Оларға МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Балаға туу туралы куәлік берілген сәттен бастап, сақтандырылған мәртебесі беріледі. Балаларға қатысты деректер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде қалыптастырылады. Бұл деректер Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық жүйесінен алынады. Аталған ақпараттық жүйеге балалар туралы мәліметтер ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорынан беріледі. Деректер күн сайын автоматтандырылған тәртіппен жаңартылып отырады.

2. Жаңа туған сәбидің сақтандырылған мәртебесі болмайтын кездер бола ма?

Жауап

Иә, мұндай жағдай болуы мүмкін. Егер ата-аналар деректер базасында (Ұлттық білім беру деректер қоры) тіркелмесе немесе құжаттарды уақытылы тапсырмаған жағдайда, баланың сақтандырылған мәртебесі уақытша болмауы мүмкін. Алайда, бұл мәселені оңай шешуге болады – баланы АХАТ органдарында тіркеп, деректерді ХҚКО-на тапсыру қажет. Осыдан кейін сақтандырылған мәртебесі автоматты түрде пайда болады.

3. Балам 18 жасқа толған, бірақ әлі мектепте оқиды. Ол үшін жарна төлеу керек пе?

Жауап

Мектепте оқып жүрген кезде бала орта білім беру ұйымының білім алушысы ретінде жеңілдік санатына кіреді. Сондықтан ол 18 жасқа толғанына қарамастан, басқа жеңілдік санаты бойынша мәртебесін сақтап қалады және мемлекет ол үшін жарналарды мектепті аяқтағанға дейін төлей береді. Ең басты шарт – оның Білім беру министрлігінің ақпараттық жүйесінде мектеп оқушысы ретінде тіркелуі.

4. Баланы емханаға қалай тіркейді?

Жауап

Ата-анасының бірі немесе заңды өкілі өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы «Электрондық үкімет» порталында баланы емханаға тіркей алады. 

Оны қалай істейді?
1) egov.kz порталында авторизациядан өту;
2) «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау;
3) Баланың ЖСН-ін енгізіп, онлайн өтінімде қажетті деректерді көрсету (аймақ, медициналық ұйым, тіркелу себебі, учаскелік дәрігер).

Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.

Мемлекеттік қызмет бетіне өту сілтемесі: «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу»

5. Балаларға қандай медициналық қызметтер қолжетімді?

Жауап

Пациенттердің  МӘМС және ТМККК шеңберінде медициналық қызметтерді алуға тең құқығы бар (сақтандырылған мәртебесі болған жағдайда). Балалар туғаннан бастап белгілі бір жасқа жеткенде әртүрлі профилактикалық тексерулерден өтеді. Бұл тексерулер мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерде де жүргізіледі.

Сонымен қатар, балалар шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық қызметтерді ала алады. МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін азаматтар үшін медициналық оңалту қолжетімді. Ал ерекше қажеттіліктері бар балалар ауру түріне байланысты емдеу курстарынан кезең-кезеңімен өте алады.

Бұдан бөлек, Қазақстанда көрсетілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін алу қажет болса, 18 жасқа дейінгі балаларды мемлекет есебінен шетелде емдеуге жіберу мүмкіндігі бар.

Толығырақ ақпаратты «Шетелде емделу» бөлімінен оқи аласыз.

6. Балабақшаға немесе мектепке баратын кезде қажет медициналық справканы сатып алу керек пе?

Жауап

Жоқ, сатып алудың қажеті жоқ. Баланы балабақшаға немесе мектепке қабылдау үшін қажетті медициналық анықтаманы тіркелген емханаңыздан алуға болады. Анықтамаға баланың физиологиялық көрсеткіштері, аллергиялық реакциялары, созылмалы және бұрын ауырған инфекциялық аурулары, алған екпелері, профилактикалық тексерулер мен зертханалық талдаулардың нәтижелері және басқа да мәліметтер енгізіледі.

Бала балабақшаға қабылданғаннан кейін мекеменің медицина қызметкері медициналық картаны толтыруды жалғастырады.