Артқа қайту

1. Жүкті әйелге сақтандырылған мәртебесі керек пе?

Жауап

Барлық жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде сақтандырылуы тиіс, себебі жүктілік пен босануға байланысты медициналық көмектің негізгі бөлігі осы жүйеге кіреді.

Жұмыс істейтін жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде жұмыс берушілерінің аударымдары мен жарналары есебінен сақтандырылады.

Жеке кәсібі бар жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде өздерінің тұрақты жарналары есебінен сақтандырылады. Ал жұмыс істемейтін жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде мемлекет төлейтін жарналар есебінен сақтандырылады.

2. Қандай мерзімде жүктілік бойынша есепке тұру керек?

Жауап

Жүкті әйел жүктіліктің 12 аптасына дейін өзі тіркелген жері бойынша емханасында медициналық есепке тұруы қажет.
Егер жүкті әйелдің МӘМС жүйесіндегі мәртебесі «САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН» болса, ол учаскелік дәрігердің қабылдауына барып, есепке тұра алады.

3. Жүктілік бойынша қандай клиникада есепке тұру керек?

Жауап

Жүктілік бойынша есепке тұру үшін әйел өзінің тіркелген емханасына жүгінуі қажет.
Ескеретін жайт, жүкті әйел тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелу керек.

4. Жүкті әйелді кім есепке қояды?

Жауап

Жүктілік бойынша есепке тұру үшін әйел келесі мамандарға жүгіне алады:

1) Тіркелген емханасындағы акушер-гинеколог. Оның қабылдауы МӘМС шеңберінде жүргізіледі, сондықтан қабылдауға жазылу үшін жүкті әйелдің сақтандырылған мәртебесі болуы тиіс;

2) Учаскелік дәрігер немесе акушер. Бұл мамандардың қабылдауына бару үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу  шарт емес.

5. Жүкті әйелге өз емханасында қандай медициналық қызметтер қолжетімді?

Жауап

Жүкті әйел жүктілігі бойынша есепке тұрған жерде медициналық бақылау жүргізіледі. Анамнез жиналып, жүкті әйелдің жеке картасы толтырылады және оған алмасу картасы беріледі. Содан кейін міндетті тексерулер тағайындалады. Атап айтар болсақ, зертханалық талдаулар, хромосомалық патологиялар мен ұрықтың ішкі даму ақаулары бойынша тәуекел тобын анықтау үшін пренатальды скрининг, ЭКГ, қажет болған жағдайда ЭхоЭКГ, бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі, сондай-ақ көрсеткіштер бойынша стоматолог пен отоларингологқа консультация кіреді. Белгілі жағдайларда қосымша басқа мамандарға (генетик, офтальмолог, эндокринолог және т.б.) кеңес беру тағайындалуы мүмкін.

Жүктілік кезінде әр триместрде ультрадыбыстық скрининг жүргізіледі.

Барлық медициналық қызметтер ТМККК және МӘМС жүйесі аясында жүзеге асырылады.

6. Жүктімін,жеке гинекологқа қаралып жүрмін. МӘМС аясында скринингтен тегін өте аламын ба?

Жауап

Иә, скринингтік тексерулер, оның ішінде пренаталды скрининг МӘМС аясындағы медициналық қызметтер пакетіне кіреді. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге лабораториялық талдаулар,  диагностика және бейінді мамандардың кеңесі қолжетімді. Уақытылы медициналық бақылаудан өту үшін жүкті әйелдер  тіркелген емханасында 12 аптаға дейін есепке тұруы тиіс.