Артқа қайту
Медициналық қызметтер пакеттерін қайта қалыптастыруға және негізінен сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуге байланысты МӘМС пакетіне елеулі жүктеме түсіп отыр. Бұл қосымша шығындарды талап етеді. Осыған байланысты жүйенің қаржылық тұрақтылығы негізгі шарттардың біріне айналып отыр, ал жеткілікті қаржыландырусыз барлық азаматтарға қажетті жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мүмкін емес.

Сондықтан жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған өзгерістер қабылданды:
1) МӘМС жүйесіне мемлекет жарналары мөлшерлемелерінің ұлғаюы;
2) қызметкерлер жарналары мен жұмыс берушілер аударымдарын есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекет МӘМС жүйесіне жарналарды республикалық бюджет қаражаты есебінен халықтың жеңілдікті санаттарына жататын азаматтар үшін (оның ішінде балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер және т.б.) төлейді. Қолданыстағы мемлекет жарналарының мөлшерлемелері бастапқыда жоспарланған деңгейден 3,5 есе төмен (2025 жылы – 2%). Талдау көрсеткендей, Қазақстанда жарналар мен аударымдар мөлшерлемелері әлемдегі ең төмен деңгейлердің бірі болып табылады, ал басқа елдерде бұл көрсеткіш 14,5%-ға дейін жетеді.

Алайда қазіргі жағдайды және МӘМС жүйесіндегі қосымша міндеттемелерді ескере отырып, қаржылық жүйе шығындардың өсуіне төтеп бере алмайды. Осыған байланысты денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2027 жылдан бастап мемлекет жарналарының мөлшерлемесін есептеу объектісінен 2,2%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру және 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін жеткізу ұсынылады. Бұл жүйеге қосымша 2.8 трлн теңге көлемінде қаражаттың түсуін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте жарналар мөлшерлемелерінің өсуі тек мемлекетке ғана қатысты болады. Қалған төлеуші санаттары үшін мөлшерлемелер бұрынғы деңгейде сақталады.