Артқа қайту
Медициналық қызметтер пакеттерін қайта қалыптастыруға және сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшуге байланысты МӘМС пакетіне айтарлықтай жүктеме түсіп отыр. Бұл қосымша шығындарды талап етеді. Осыған байланысты жүйенің қаржылық тұрақтылығы негізгі шарттардың біріне айналып, жеткілікті қаржыландырусыз барлық азаматтарға қажетті жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мүмкін емес.

Сондықтан жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың өздерінің ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған өзгерістер қабылданды:
1) МӘМС жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемелерін арттыру;
2) қызметкерлер жарналары мен жұмыс берушілер аударымдарын есептеу үшін кірістің жоғарғы шегін ұлғайту.

Қазір МӘМС жүйесінде қызметкерлердің жарналары мен жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу кезінде белгілі бір әділетсіздік бар: орташа және төмен жалақы алатын адамдар өте жоғары жалақы алатын адамдарға қарағанда көбірек төлейді. Бұл салық салынатын кіріс мөлшеріне шектеу белгіленуіне байланысты – ол 10 ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) құрайды, яғни 850 мың теңге. Осылайша, жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мың теңгені (2%), ал аударымдар 25,5 мың теңгені (3%) құрайды. Яғни, жалақысы 1–2 млн теңге болған жағдайда да қызметкер небәрі 17 мың теңге жарна төлейді (тиісінше 20–40 мың теңгенің орнына), бұл оның табысының 2%-ынан да аз. Ал жалақысы төмен азаматтар белгіленген шекке жетпейтіндіктен, ай сайын кірісінің дәл 2%-ын төлейді.

Әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету үшін салық салынатын кірістің шегін арттыру туралы шешім қабылданды. Бастапқыда 50 ЕТЖ қарастырылған болатын, алайда Мәжілістегі талқылаулардан кейін бұл мөлшер төмендетілді. Енді қызметкерлер жарнаны ең көп дегенде 20 ЕТЖ мөлшеріндегі кірістен төлейтін болады, ал жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу үшін шек 40 ЕТЖ-ге дейін көтерілді.

Бұл өзгерістер жалақысы 850 мың теңгеден жоғары болатын қызметкерлердің аз ғана бөлігіне әсер етеді. Қалған азаматтар үшін бәрі бұрынғыдай қалады.

Аталған шара 2026 жылы МӘМС жүйесіне қосымша шамамен 200 миллиард теңге түсіреді. Бұл қаражат емдеу сапасын жақсартуға, медициналық жабдықтар сатып алуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталады.

Айта кету керек, халықаралық тәжірибеде кірістің жоғарғы шегі деген ұғым мүлде қолданылмайды. Қабылданған өзгеріс әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сай келеді және Қазақстанда зейнетақы жүйесінде қолданылып жүрген тәсілді көрсетеді. Зейнетақы жарналары 50 ЕТЖ-ге дейінгі кірістен есептеледі.