Қаріп өлшемі:
Түстер:
Интервал:
Суреттер:
20.11.2026
Қор медициналық ұйымдарға төлемдерді аудару мерзімінің кешігу себептерін түсіндірді

2026 жылғы 19 қарашадағы жағдай бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға аванстық төлемдерді қоса алғанда, 2,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.

2026 жылғы 19 қарашадағы жағдай бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға аванстық төлемдерді қоса алғанда, 2,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.

Бұл ретте төлемге қабылданған актілердің көлемі 2,079 трлн теңгені құрады. Қаңтар мен сәуір айы аралығындағы есеп айырысу кезеңдері толық, ал мамыр айы – 99,9%, маусым – 99,8%, шілде – 99,4%, тамыз – 98,1%, қыркүйек – 96,5% жабылды. Қазан айы бойынша құжаттарды өңдеу мен қаржыландыру жалғасуда.

Медициналық көмектің жекелеген түрі бойынша төлемдердің кешігу себебі Денсаулық сақтау министрлігінің осы жыл ішінде енгізген нормативтік талаптардың өзгеруіне (медициналық қызметтерді қаржыландыру тәртібі, тарифтер мен төлем көздері) және Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі деректердің уақтылы дайын болмауына байланысты.

Нәтижесінде жекелеген бағыттар бойынша нормативтік талаптардың өзгеруі мен төлем жүргізу үшін қажет деректердің техникалық дайындығы арасында айтарлықтай уақыт алшақтығы туындады.

Мәселен, 10 шілдеде химиотерапия мен сәулелік терапияға ақы төлеу тәртібі өзгергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін қажетті техникалық пысықтау тек 29 қазанда – 112 күн өткен соң аяқталды.

Қазіргі уақытта 23 онкологиялық диспансер шілде - қазан айында көрсеткен медициналық көмек туралы мәліметтерді қайта енгізіп, растап жатыр. Алдын ала деректер бойынша бұл жұмыс 6 желтоқсаннан ерте аяқталмайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен деректер дұрыс алынбағанша Қор қызметтерге көзделген тиісті тексеруді және түпкілікті төлемді жүргізе алмайды.

Дәл осындай жағдай тері-венерология диспансерлері мен көпбейінді ауруханалардың бейінді бөлімшелерінің жекелеген қызметтері бойынша да қалыптасты. Бұл қызметтердің төлем көздерін айқындау мәселесі осы уақытқа дейін реттелмеген күйде қалып отыр. Қажетті нормативтік шешімдерді қабылдау Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне жатады.

Осы ретте 2026 жылы медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы қарқыны өткен жылдың көрсеткіштерінен асып түседі. Қазан айындағы қорытындысын сай 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 63% болса, биыл 67% құрады. Төлем қарқынының биылғы деңгейі жоғарыда аталған проблемалық бағыттарға төлемдердің тоқтатылуын ескеріп қалыптасты.

Осылайша, көрсетілген бағыттар бойынша төлемдерді кешіктіру Қордағы қаржы тапшылығымен байланысты емес.

Қор қаржылық тұрақтылықты орнату мақсатында медициналық ұйымдарға белгіленген тәртіппен аванс берді және қажетті рәсімдерді аяқтау мәселесі бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен өзара іс-қимылды жалғастыруда.

Нормативтік мәселелер реттеліп, дұрыс деректер түскеннен кейін Қор тәртіпке сәйкес медициналық көмектің расталған көлемдерін тексеруді және оларға ақы төлеуді қамтамасыз етеді.

Қор қалыптасқан жағдайдың тезірек шешілуіне мүдделі. Себебі медициналық ұйымдарды уақтылы қаржыландыру олардың жұмысының тұрақтылығы мен халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсетуге тікелей әсер етеді.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz