12.08.2026
Қорда бақылау органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері мен басқарудың жаңа тәсілдері талқыланды
«Бір сағат төраға» бірыңғай басқарушылық алаңы шеңберінде өткен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кезекті отырысында филиалдардың мемлекеттік бақылау және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ басқару сапасын бағалаудың жаңа тәсілдері талқыланды.

12 тамызда өткен аппараттық кеңесте тексерулер жүргізу кезінде туындайтын жүйелі құқықтық және әдіснамалық мәселелер қаралды. Түркістан облысы филиал директоры Бахит Исмаханбетов облыстық филиал тәжірибесі негізінде негізгі проблемалық мәселелер мен оларды шешу тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар Қор қызметінің жекелеген аспектілерін бағалаудағы айырмашылықтарды және бірыңғай құқықтық әрі әдіснамалық тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін талқылады.

Бас қосуда, сондай-ақ Evolution 360 пилоттық жобасы таныстырылды. Ол қолданыстағы басшылардың жұмыс нәтижесін бағалауды басқару сапасын бағалаумен толықтырады. Бірінші кезеңде жобаға төрт басшы: орталық аппараттан екі және филиалдан екі басшы қатысады. Нәтижелерді басқарушылық тәжірибелерді дамыту және орындаушылық тәртіпті арттыру үшін пайдалану жоспарлануда.

Еске сала кетейік, «Бір сағат төраға» бірыңғай басқарушылық алаңының идеясына сәйкес өңірлік филиал Қор басшылығы деңгейінде қарауды талап ететін өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға шығарады. Мұндай формат өңірлердің практикалық мәселелерін талдауға, тәжірибе алмасуға және ортақ тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Осы отырысты қоса алғанда, «Бір сағат төраға» форматында барлығы 18 кеңес өтті, олардың қорытындысымен 40-тан астам өзекті шешім пысықтауға алынды.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz