25.12.2025
HALYK BANK КЛИЕНТТЕРІ МӘМС ЖАРНАЛАРЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМА АЛАДЫ
Жазда Қор мен Halyk Bank өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның негізгі бағыттарының бірі азаматтардың құқықтарын қорғауды және МӘМС аясында медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету болды.
2025 жылдың жазында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Halyk Bank өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның негізгі бағыттарының бірі азаматтардың құқықтарын қорғауды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету болды. Белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үшін банк МӘМС-ке төлемдерді өткізіп алған клиенттерге хабарлама жолдау бойынша жаңа сервисті іске асырды.

Хабарламалар ай сайын жарна төлеушілердің екі санаты бойынша жолданады:
• келесі айда сақтандырылған мәртебесі аяқталатын азаматтарға;
• «медициналық қызметтерді тұтынушы емес» (сақтандырылмаған) мәртебесі бар азаматтарға.

«Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы хабарламалар сервисін іске асыру МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды төлеу міндеттілігі қағидатына негізделген. Бұл тетікті таңдау оның танымалдылығына, ыңғайлылығына және кең функционалдылығына байланысты: клиент хабарлама алып, бірден қосымшада төлем жасайды», - деп атап өтті Қордың басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Рамазанова.

«Біз өз клиенттерімізге барлық қажетті ақпаратты ыңғайлы және уақтылы алуға көмектесеміз. МӘМС бойынша push-хабарламаларды іске қосу – бұл әлеуметтік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған банктің цифрлық сервистерін дамытудағы кезекті қадам», - дейді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мукушев.

Айта кетейік, МӘМС мәртебесін тексеру бойынша мұндай сервис бұған дейін Еуразиялық банктің мобильді қосымшасында іске асырылған, сондай-ақ Фридом Банк Қазақстан тарапынан іске асыру сатысында тұр.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz