22.08.2025
ҚОР БАСШЫЛЫҒЫ АЙ САЙЫН АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Бұл шара тікелей байланыс орнатуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығы ел азаматтарының өзекті сұрақтарына нақты жауап беру мақсатында ай сайын жеке қабылдау күндерін өткізеді. Бұл шара тікелей байланыс орнатуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 21 тамыз күні ӘМСҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов азаматтарды жеке қабылдады. Бұл жолы бетпе-бет кездесуге Қормен шарт жасасқан Алматы қаласының медициналық ұйым өкілдері, сондай-ақ мобильді қосымшалар бойынша ұсыныстарын ұсынған ІТ мамандар қатысты. Сондай-ақ, бірнеше азамат Zoom платформасы арқылы онлайн форматта көкейкесті сұрақтарына толымды жауап алды.

Қабылдау барысында қаржыландыру, МӘМС және ТМККК пакеттері, сақтандыру мәртебесі, сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен жеке мәселелер қаралды. Әрбір сұрақ жауапты мамандармен талқыланды.

Қор басшысы медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған сындарлы диалогқа, азаматтардың ұсыныстары мен бастамаларына әрдайым ашық екенін ерекше атап өтті.

Қор басшылығымен жеке кездесу үшін msqory.kz ресми сайтындағы «Қабылдауға жазылу» батырмасы арқылы алдын ала тіркелуге болады. Аталмыш сайтта басқарма төрағасы орынбасарларының және әр өңірдегі филиал басшысының қабылдауына жазылу мүмкіндігі де қарастырылған.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz