22.08.2025
FREEDOM BANK КЛИЕНТТЕРІ МӘМС-КЕ ТӨЛЕНБЕГЕН ЖАРНАЛАР ТУРАЛЫ PUSH-ХАБАРЛАМАЛАР АЛАДЫ
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Банк клиенттері оның аясында МӘМС бойынша төлемдердің түспегені туралы push-хабарламалар ала бастайды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ (Freedom Bank) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Банк клиенттері оның аясында МӘМС бойынша төлемдердің түспегені туралы push-хабарламалар ала бастайды. Қызметті енгізудегі басты мақсат – азаматтарды МӘМС жарналары бойынша берешегі туралы уақтылы хабардар ету. Бұл аса маңызды, себебі жарналарды дер кезінде төлемеген адамдар сақтандырылғандар сапынан шығып қалады. Салдарынан МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек ала алмайды.

Хабарламалар Freedom SuperApp мобильді қосымшасы арқылы келеді. Бұнда клиенттер шұғыл ақпарат алумен қатар, бірден төлем жасай алады.

«Банктердің мобильді қосымшалар арнасы танымалдығы, қолайлылығы, кең функционалдық мүмкіндіктері және сол қосымша арқылы төлем жасауға болатыны үшін таңдалды. Қазір Қор басқа да екінші деңгейлі банктерді осы сервиске қосу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.

«Біз клиенттерімізге қызметтерді барынша ыңғайлы етуге тырысамыз және жаңа шешімдерді енгізіп отырамыз. МӘМС бойынша push-хабарламаларды енгізу – әлеуметтік маңызы бар қызметтерді цифрландыру және олардың қолжетімділігін арттыру жолындағы батыл қадам», – деді Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Техникалық іске қосу 2025 жылдың III тоқсанына жоспарланды.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz