17.03.2022

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қоғамдық-консультативтік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолы тариф құру мәселелері қаралды. Осы жылы Қор МСАК, жедел жәрдем, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек, туберкулез, психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар пациенттерге медициналық оңалту және медициналық көмек тарифтерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан өз баяндамасында тарифтік саясатты қалыптастыруда пациенттердің, мемлекеттің және қызметтерді жеткізушілердің мүдделері ескерілетінін атап өтті. Қаржылық тетіктердің көмегімен медициналық қызметтерге сұраныс пен ұсынысты басқару қамтамасыз етіледі. Қор медициналық қызмет берушілерді денсаулық сақтау мақсаттарына қол жеткізуге ынталандыру үшін ақы төлеу әдістерінің тарифтерін жетілдіру тәсілдерін әзірлеуде.

Тарифтерді қалыптастыру кезіндегі шығыстардың құрылымына медициналық ұйымдар қызметкерлерінің еңбегін төлеу, кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен шығыс материалдарын сатып алу, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және өзге де шығыстар енгізілді. ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерге арналған тарифтерге амортизациялық аударымдар кірмейді. 2023 жылдан бастап бұл шығындарды қосу жоспарлануда.

Биыл Қор бірнеше бағыт бойынша тарифтерді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде, атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел жәрдем және санитарлық автокөліктегі медициналық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, туберкулезбен, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарымен ауыратын науқастарға медициналық көмек.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2019 жылдан бастап жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Дәрігерлердің орташа жалақысы жыл сайын 30% – ға дейін көтерілгенде: 2019 жылы – 189 300 теңге, 2020 жылы – 246 100 теңге, 2021 жылы –257 704 теңге, 2022 жылы-326 634 теңгеге дейін өсті. Орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы жыл сайын 20% - ға өскен кезде 2019 жылғы 120 500 теңгеден 2022 жылы 206 089 теңгеге дейін көтерілді. 2022 жылы алғаш рет басқа қызметкерлердің де жалақысын көтеру қарастырылған. 20% - ға көтерілгенде орташа жалақы 62 689 теңгені құрайды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зарина Камалова қосымша баяндама жасап, ҚКК мүшелері мен Қорға назар аудару қажет негізгі тұстарды атап өтті. Атап айтқанда, телемедицинаға тарифтерді қайта қарауды, пациенттердің мүгедектігіне жол бермеуді азайту үшін медициналық қызметтердің жекелеген түрлеріне, мысалы, реанимацияға, сондай-ақ туберкулезбен, онкологиялық, гематологиялық аурулармен ауыратын науқастар үшін көрсетілетін қызметтерге кешенді тарифтер қарастыруды ұсынды.

ҚКК мүшелері мәселені қарау қорытындысы бойынша өз ұсыныстарын айтты. Ауылдық денсаулық сақтауға ерекше назар аудару және ауылдық медицинаны қаржыландыруға арналған тарифтерді ұлғайту қажет. Жалпы тарифтердің құрылымы оң бағаланды. Кеңес мүшелерінің пікірінше, тарифтерде медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көбейту және олардың біліктілігін арттыру көзделгені ерекше маңызды болып табылады.

Сондай-ақ, отырыс барысында Қоғамдық-консультативтік кеңестің ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Отырыс соңында Қоғамдық-консультативтік кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов Қордың денсаулық сақтаудың қаржылық операторы ретіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Ол функционалдың шектеулілігіне қарамастан, Қор халықты сапалы медициналық көмекпен және пациенттің құқықтарын қорғаумен қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындайтынын атап өтті.

 

 Егер сізде медициналық көмек алу бойынша сұрақтар туындаса, сіз емхананың Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайды шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі кері байланыс арналары арқылы өтініш жіберуге болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyrýBot.

Ақпарат көзі

www.msqory.kz