Вернуться к списку
03.06.2025
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ТУҒАН ШАҚАЛАҚҚА КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ
Облыстық балалар клиникалық ауруханасына ми қан айналымының жедел бұзылуы диагнозымен түскен нәрестеге сәтті ота жасалды.<br />
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, емхана қабырғасына шақалақ ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер қажетті тексерулерден кейін баладан геморрагиялық типтегі жіті ми қан айналымының бұзылысын анықтаған. Сол жақ самай-төбе аймағында масс-эффектпен байқалатын жіті ми ішілік қан ісігін көрген. Шұғыл көрсеткіштер бойынша нейрохирургтер сәбиді ота үстеліне жіберуге шешім қабылдапты.

«Науқас ауыр халде жеткізілді. Краниотомия, яғни субдуралдық ісікті дренаждау отасын жасау шешілді. Қуанышымызға орай бәрі сәтті аяқталды. Нәресте одан кейін неонатолог Арайлым Болат, анестезиолог-реаниматолог Ұлжан Маханованың бақылауында болды. Дәрігерлердің жоғары біліктілігі нәтижесінде баланы аман алып қалдық», — дейді отаны жүргізген нейрохирург Рахим Ахмаров.

Ақ халатты жандардың айтуынша, нейрохирургиялық араласудан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, бала денсаулығында оң динамика байқалыпты. Сәби 12 күннен кейін қанағаттанарлық жағдайда үйіне жіберілген.

«Қазіргі таңда оның дені сау, жасына сай дамып келеді», — дейді дәрігерлер.

Айта кетерлігі, ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін жүргізілді.
Аlataunews.kz

Ақпарат көзі

www.msqory.kz