Медициналық ұйымдарды тәуекел аймақтарына бөледі. Олардың үштен екісі «жасыл дәлізге» кіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында бұның қандай нәтиже беретінін түсіндірді.
ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасының ұсынымдарына сәйкес Қор тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуде. Ол көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтеудің тиімділігін арттыруға бағытталған. Медициналық қызметтерді сатып алу шарттарының орындалуын бақылау үдерісін реттейтін мониторинг жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл ережелер жеткізушілер тізілімін талдау және олардың шарттарды орындамау немесе тиісті деңгейде орындамау тәуекелдерін бағалауға негізделген.
Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу үшін тиісті міндеттер мен есептеулер әзірленіп, қазір Қордың ахуалдық-талдау орталығында жүзеге асырылуда.
«Тәуекелдерді басқару жүйесі медициналық ұйымдарды төмен, орташа және жоғары деп тәуекел аймақтарына бөлуге мүмкіндік береді. Классификацияның негізгі критерийі – көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлеміндегі анықталған кемшіліктер. Соңғы айларда стационардан кейінгі медициналық көмек бойынша талдау жүргізіп, көптеген жеткізушілердің бұзушылықтарға мүлде жол бермейтінін немесе өте сирек кездесетінін анықтадық: 492 медициналық ұйым «жасыл аймақта» (25%), 924 – «сары аймақта» (47%) және тек 551 – «қызыл аймақта» (28%). Яғни, жоғары ықтимал тәуекелдер жеткізушілердің үштен бірінен де азын қамтиды», – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Әбілов.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдарды тәуекел аймақтарына бөлу тұрақты түрде өзгеріп отырады. Себебі көрсеткіштерге емделген жағдайлар саны, көрсетілген қызметтер және солардан анықталған кемшіліктер кіреді, ал бұл әр кезеңде әртүрлі болуы мүмкін.
«Тәуекелдерді басқару жүйесі не үшін қажет? Егер клиника медициналық көмек көрсету кезінде бұзушылықтарға жол бермесе, ол автоматты түрде «жасыл аймаққа» түседі. Бұл жағдайда оның өндірістік базасына барып, қызметіне егжей-тегжейлі мониторинг жасаудың қажеті жоқ. Мұндай тәсіл жеткізушілерді қажетті нормалар мен ережелерді сақтауға ынталандырады, яғни бұл алдын алу шарасы ретінде де қызмет атқарады. Ал Қор ресурстарды «қызыл» және «сары» аймақтағы жеткізушілерді мақсатты әрі тиімді мониторингтеуге бағыттай алады. Мониторинг түрлерін оңтайландыру және автоматтандыру арқылы біз ағымдағы мониторингпен емделген жағдайлардың 100%-ын қамти аламыз», – дейді Ғалымжан Әбілов.
Қор жеткізушілер тізімін тәуекел аймақтары бойынша есепке алуды автоматтандырды. Бұл профилактикалық және алдын алу шараларын жоспарлау, мониторинг түрлерін таңдау, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен бейінді мамандарды тарту үшін қажет. Жеткізушілер тізімін автоматтандыру нәтижесі бойынша тәуекел деңгейіне байланысты әртүрлі мониторинг түрлерін қолдану, медициналық қызметтерді сатып алу жоспарларын түзету, сондай-ақ жеткізушілермен шарттарды тоқтату немесе бұзу шаралары қарастырылған.



