Гамма-пышақ көмегімен мида пайда болған ісіктерді емдеу Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС бойынша жүзеге асырылады
Өскемен қаласының тұрғыны МӘМС аясында Ұлттық нейрохирургия орталығында тегін жасалған құны 2 миллион теңгеге жуық жоғары технологиялық отаны бес күн ғана күтті. Бұл туралы ол журналистерге сұхбат барысында айтып берді.
Ұлттық нейрохирургия орталығындағы өткен баспасөз тур орталықта көрсетілетін медициналық көмектің кең ауқымымен танысу мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп ұйымдастырылды. Өңірлердегі көптеген пациенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қажетті ем алу үшін республикалық маңызы бар медициналық ұйымға келе алатындықтарын білмейді.
Баспасөз тур барысында Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Калиев орталықта көрсетілетін медициналық қызметтер, пациенттерді емдеуге жатқызу алгоритмі, осы кезеңге дейінгі жасалынған оталар, оның ішінде МӘМС бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолданып жасалынған оталар туралы айтып берді.
«15 жылдың ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығында 60 мыңнан астам пациент емделді, 40 мыңнан астам ота жасалды. Тек 2022 жылы біздің орталықта МӘМС бойынша 4 мыңнан астам пациент емделді, оның ішінде 15% жағдайда жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып оталар жасалынды. Сондай-ақ, Гамма-пышақ технологиясы бойынша оталарды жүргізудің тиімділігін атап өткім келеді. Құрылғы ісіктерді, тамырлы және функционалды ми ауруларын трепанациясыз және наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Медициналық көмектің бұл түрі 2021 жылы МӘМС бойынша көрсетілетін қызметтер тізіміне енген болатын. Өткен жылы біз осындай 460 ота жасадық», – деп айтып өтті Асылбек Калиев.
2023 жылдың 5 айында Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС бойынша 1 805 пациент емделді, оның 320 – сы ЖТМҚ қолдана отырып; ТМККК бойынша – 363 ота жасалынды, 54-і ЖТМҚ қолдану арқылы. Көбінесе бұл ми тамырларының, омыртқалардың аурулары, стереотактикалық жүйені қолдана отырып, мидың нейростимуляторын имплантациялау, Паркинсон ауруы, эпилепсия және т.б.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Забира Оразалиева журналистерге өңір тұрғындарының республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдарда емделуге мүмкіндігі бар екенін еске салды. Бұл үшін олар бекітілген жері бойынша емханаға жүгінеді және қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін пациенттерді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына қояды.
«2022 жылы еліміздің тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларында 452,5 млрд теңге сомасына шамамен 1,9 млн жағдай емделді, оның ішінде МӘМС бойынша – 1,5 млн жағдай. 2023 жылдың 1 кварталында 480 мың пациент көмек алды, оның ішінде 385 мың пациент – МӘМС бойынша. Өткен жылы 21 мыңнан астам азаматқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 20 мыңға жуығы МӘМС бойынша емделді. 2023 жылдың бірінші кварталында ЖТМҚ қолдана отырып, 16,4 мың пациентке көмек көрсетілді, оның ішінде 14 мыңға жуық адамға МӘМС аясында», – деп Забира Оразалиева деректер келтірді.
Сондай науқастардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны, ол Ұлттық нейрохирургия орталығына наркозсыз, кесусіз, тесілмей жасалатын ота үшін екінші рет келген. Бұл ми патологиясын радиохирургиялық емдеуге негізделген Гамма - пышақ технологиясы. Мұндай отаның құны өз қалтаңыздан төлесеңіз, шамамен 1,7 миллион теңгені құрайды. Алайда, Қазақстандағы Гамма-пышақ МӘМС бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесіне кіреді.
Пациент тиісті жарнаны төлеп, сақтандырылғандықтан, бұл жоғары технологиялық ота оған тегін жасалды. Яғни, ол үшін төлемді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жасады.
Әйел ауруханаға жатқызу кезегін небәрі бес күн ғана күткенін айтты. Емдеуші дәрігер, нейрохирург Нұрзат Сығайдың айтуынша, отаны күту уақыты пациенттің жағдайына байланысты. Жылдам прогрессивті ісіктері бар науқастар бірінші болып қабылданады.
Процедура ауыртпалықсыз өтеді, бұл кезеңде науқас ештеңе сезбейді. Өткен жылы Ұлттық нейрохирургия орталығы Гамма-пышақ технологиясы бойынша 460 ота жасады, жалпы 2021 жылдан бастап – шамамен 1 000 ота.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өтілгендей, өткен жылы Қор мамандандырылған медициналық көмекті төлеуге шамамен 432 млрд теңге бөлді, оның ішінде МӘМС жүйесінде бөлінген қаражат-344 млрд теңге. Жоғары технологиялық медициналық көмекті төлеуге шамамен 67,8 млрд теңге бағытталды, оның ішінде МӘМС бойынша-55,6 млрд теңге.
2023 жылдың 1 кварталында ЖТМҚ шамамен 15,7 млрд теңге сомасына қаржыландырылды, ал мамандандырылған медициналық көмек – 123 млрд теңгеден асады. Қызметтердің басым бөлігі МӘМС шеңберінде көрсетілген.
Бұл ретте, Ұлттық нейрохирургия орталығы 2022 жылы 2 млрд теңгеден астам сомаға және 2023 жылдың 1 кварталында 700 млн теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып пациенттерді емдеді. Пациенттердің көпшілігі МӘМС аясында қабылданды.
Баспасөз туры барысында журналистерге қабылдау бөлімшесінің, кейбір клиникалық бөлімшелердің, сондай-ақ радиология және радиохирургия бөлімшелерінің жұмысы көрсетілді, соның ішінде Гамма-пышақ аппаратының жұмыс принципі таныстырылды.