ӘМСҚ МЕРКІ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ШЖҚ «Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» КМК медицина қызметкерлерінің өтінім беру дерегіне байланысты келесіні хабарлайды.
2024 жылы Қор мен Меркі көпбейінді ауруханасы арасында жалпы сомасы 5,15 млрд теңгеге медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарт жасалған. Өтінімде көрсетілгендей, соңғы алты айдағы төлемдер тұрақты, кестеге сай жүргізілді және өткен жылдың желтоқсанында Қор шарттық міндеттемелерін толық орындады.
Меркі орталық аудандық ауруханасы Қормен 2025 жылға жалпы сомасы 4,69 млрд теңгеге келісім жасасты. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеден астамы төленді. Атап айтар болсақ, қаңтар айында аурухана 675 млн теңге көлемінде аванс алды, наурызда қосымша 327 млн теңге аударылды, ал сәуірде 335 млн теңге төленді.
Осылайша, Қор барлық медициналық ұйымдармен, оның ішінде аталмыш аудандық ауруханамен де өз міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр. Ал зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізуге қатысты сұрақтар Қор құзыретіне кірмейді. Ол медициналық ұйымның менеджментіне тікелей қатысты.
Осыған байланысты, Меркі көпбейінді орталық аудандық ауруханасы ұжымымен кездесіп, жағдайды түсіндіру және Қормен өзара іс-қимылға қатысты басқа да сұрақтарға жауап беру үшін ӘМСҚ басшылығының тікелей тапсырмасымен өкілдері арнайы барады.