Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға арнап медициналық қызметтерді сатып алудың жаңа ережесін көпшіліктің талқысына ұсынды
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (коммерциялық емес акционерлік қоғамы) медициналық қызметтерді сатып алу ережесін тұңғыш рет Алматыда медицина саласы және бизнес қауымдастығы өкілдерімен болған кездесуде жұртшылық назарына ұсынды. Кездесуге мемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдарының өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері шақырылды.
«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде денсаулық субъектілерінен қызмет түрлерін сатып алу ережесі әзірленді. Қазіргі таңда тиісті бұйрық жобасы талқыланып, келісіліп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Министрдің пікірінше, жаңа ережелер бизнес субъектілерінің кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде қызмет көрсету тәртібін жеңілдетеді. Мәселен, денсаулық сақтау нысандарынан талап етілетін құжаттар 22 пайызға, ал, бастапқы медициналық құжаттама формалары 30 пайызға қысқартылды, деді ведомство басшысы.
«Бүгін сіздерге таныстырылып отырған ережелер медициналық қызметтерді сатып алудың қолданыстағы тәртібін өзгертуге бағытталған. Өзгерістердің дені сатып алу процесінің төрт аспектісіне қатысты. Атап айтқанда, сатып алуды жоспарлау, жеткізуші компанияларды іріктеу, келісімшарттардың орындалу барысын бақылау және медицина мекемелеріне көрсетілген қызмет ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек», - деді Қор төрағасы Елена Бахмутова.
Айтуынша, ұсынылып отырған ережелердің артықшылықтары көп. Мысалы, негізгі процестер автоматтандырылып, нәтижесінде жеткізуші компанияларды таңдау процедурасының ашықтығы қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, ереже сапалы медициналық көмектің жұртшылық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге, пациенттерге қызмет көрсететін медицина мекемелерінің тізімін кеңейтуге, денсаулық сақтау субъектілерінің жүйеде жұмыс істеуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды төмендетуге мүмкіндік береді.
«Оған қоса, бұл ережелер пациенттердің емхана таңдау құқығын сақтап қана қоймай, көз дәрігері, невропатолог сынды т.б. салалық мамандарды таңдау мүмкіндігін арттырады. Ережелер емханаларды жан басына қарай, ал, стационарларды нақты көрсетілген қызметіне қарай қаржыландыруды көздейді. Бұл нені білдіреді? Былайша айтқанда, пациент емханаға тіркелген кезде жалпы практика дәрігерін таңдайды. Ол – пациент сенім білдірген маман ғана емес, пациентке Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізіміндегі кез-келген ауруханаға жолдама алуға көмектесетін сарапшы рөлін атқарады. Осылайша, әр адам Қордың жеткізушілер тізіміндегі кез-келген мекемеде емделу құқығына ие болады», - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, кездесуде міндетті медициналық сақтандыру заңы нормаларын қолданысқа енгізуге қатысты мәселелер де талқыланды.
Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енеді. Заң талаптары бойынша ең алдымен сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді. Жарна мөлшерін төмендету мақсатында заңға енгізілген түзетулер парламент тарапынан толық мақұлданып, күні кеше құжатқа мемлекет басшысы қол қойған болатын.
Қабылданған түзетулерге сәйкес, жұмыс беруші ай сайын жұмыскер жалақысының 1 пайызы көлемінде жарна төлейді (бірақ жарна көлемі 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс – бұл жарна есептелетін жалақының жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақының 1 пайызы). Жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар (жеке меншік адвокаттар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар) 2017 жылы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде немесе 2445,9 меңге көлемінде жарна төлемек. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде де жарна аударады.
Заңға енгізілген өзгерістер бірінші кезекте бизнеске түсетін салмақты азайтуға бағытталған. Бұл түзетулер елдегі экономикалық ахуалмен тығыз байланысты. Оны мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесі деуге болады. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілерге арналған жарнаның ең жоғарғы мөлшері 5 пайыздан 3 пайызға, жеке кәсіпкерлер үшін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісі де қысқартылды: егер бұрын жеке кәсіпкер табысының 7 пайызын Қорға аударуы тиіс болса, соңғы өзгерістер бойынша 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын төлейтін болды.
Ал, мемлекет төлейтін жарна көлемі өзгерген жоқ. Осы жерде мемлекеттің әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейтінін айта кету керек. Яғни, мемлекет Қазақстан халқының жартысынан астамын сақтандырумен қамтамасыз етпек.
Оған қоса, елімізде тұратын барша азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде ұсынылатын қызмет түрлерін пайдалана алады. Бұл пакетке әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу ғана емес, екпе егу, шұғыл көмек, соның ішінде, жедел жәрдем мен санитарлық авиация қызметі де кіреді. Алдағы екі жылда (2018-2019 жж.) азаматтардың жаңа жүйеге бейімделуі үшін арнайы жеңілдік кезеңі беріліп отыр. Осы уақыт ішінде, яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін барлық азаматтар шұғыл көрсетілімдер бойынша стационарлық көмекке және амбулаторлық көмекке жүгіне алады.