1414
kk
kk ru
Нашар көретіндер нұсқасы
ЧТО ДАДУТ ИЗМЕНЕНИЯ В ЗАКОН ОБ ОСМС

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсініктеме берді.

Халықты қамту аясын кеңейту

Қазіргі уақытта халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс», деген еді Президент. 

Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.

Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.

Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.

Жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесін сақтау

МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын).

Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.  

Бірыңғай пакетті қалыптастыру

Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударған болатын.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.

2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады.

Жарна есептеу шегінің өзгеруі

Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.

Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:

·         Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),

·         Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.

Бұл — бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермейді.

Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.

Мемлекет жарнасының мөлшерлемесін арттыру

Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.

Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%. Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді.

Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда:

·         2027 жылы – 2,2%,

·         2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.

Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.



14.07.2025
66% считают статью полезной Была ли эта статья для вас полезной ?
Сонымен қатар оқыңыз
ПРОЗРАЧНОСТЬ, КОНТРОЛЬ, ЭФФЕКТИВНОСТЬ: ЧТО МЕНЯЕТ  ПЛАТФОРМА QALQAN В СИСТЕМЕ ОСМС
АШЫҚТЫҚ, БАҚЫЛАУ, ТИІМДІЛІК: QALQAN ПЛАТФОРМАСЫ МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ НЕНІ ӨЗГЕРТЕДІ
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру бағытында ауқымды цифрлық жаңғырту басталғанын жариялады. Трансформацияның негізгі құралына айналған Qalqan платформасы «МӘМС 2.0» моделінің технологиялық негізі ретінде енгізілуде.
24.04.2026
ЕЖЕГОДНЫЙ ВНУТРЕННИЙ АНАЛИЗ КОРРУПЦИОННЫХ РИСКОВ ПРОВЕДУТ В ФОНДЕ
ҚОРДА ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ІШКІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНЕ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗЕДІ
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ осы жылдың 29 сәуірінен бастап Қор қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлайды.
15.04.2026
НЕСВОЕВРЕМЕННЫЕ ПЛАТЕЖИ В ОСМС: ПОЧЕМУ ВАЖНО СОБЛЮДАТЬ СРОКИ
МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТӨЛЕМДЕРДІ УАҚТЫЛЫ ТӨЛЕМЕУ: МЕРЗІМДІ САҚТАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтардың МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке үздіксіз қол жеткізуінің негізі – аударымдар мен жарналарды уақтылы төлеудің маңыздылығын еске салады.
15.04.2026
Барлығын қарау
Өтініш беру МӘМС калькуляторы Іздеу